— Журналистикадағы тәжірибеңіздің қай қырлары бүгінде ресми өкіл ретіндегі жұмысыңызға көбірек көмектеседі?
Ең алдымен, журналистің қалай ойлайтынын және редакцияға қандай жауап қажет екенін түсінемін. Ақпараттың қай тұсы жаңалық болатынын, қандай сұрақ міндетті түрде қойылатынын, ал қандай жалпылама жауап жаңа күмән тудыратынын алдын ала сезіп, білуге көмектеседі. Екіншіден, ақпаратты, фактіні тексеру, бірнеше тараптың позициясын салыстыру және күрделі мәселенің өзегін тез табу қажет. Үшіншіден, тележурналистика маған қысқа уақытта негізгі ойды анық әрі қарапайым жеткізуді үйретті. Ресми өкіл үшін камера алдында сөйлеу ғана емес, аудиторияның шын мәнінде нені естігісі келетінін түсіну маңызды.
— Сіз Жетісу облысы әкімі аппаратының баспасөз қызметін басқардыңыз. Осы кезең бұқаралық ақпарат құралдарымен және қоғамдық пікірмен жұмыс істеу тұрғысынан сізге қандай маңызды кәсіби сабақтар берді?
— Өңірде кез келген мәселе адамның күнделікті өмірімен тікелей байланысты, яғни тұрғындарды жол, су, жылу мәселесі, мектеп, медицина сияқты әлеуметтік мәселелер қызықтырады. Сондықтан оларға жалпы экономикалық көрсеткіштермен қатар, мәселенің нақты қашан шешілетінін, кім жауапты, қазір не істеліп жатқаны туралы ақпарат қажет. Өңірде істеген уақытта мен коммуникацияның кабинетте емес, мәселе туындаған жерде басталатынын түсіндім. Тағы бір маңызды сабақ - жергілікті журналистерді тек ақпарат таратушы арна деп қарауға болмайды. Олар өңірдегі көңіл күйді, қордаланған мәселелерді көбіне мемлекеттік органнан бұрын сезеді. Сондықтан журналистермен, блогерлермен, белсенді азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату өте маңызды.
— Өңірлік деңгейдегі коммуникациялар мен Қорғаныс министрлігіндегі қазіргі жұмысыңыздың басты айырмашылықтары қандай?
— Өңірлік коммуникацияда тақырыптар өте кең, көбіне әлеуметтік, коммуналдық, инфрақұрылымдық сипатта болады. Қорғаныс саласында әр ақпараттың қауіпсіздікке, әскери қызметшілерге, олардың отбасыларына және мемлекеттің беделіне ықпалы бар. Мұнда жылдамдықпен қатар деректің дәлдігі, құпиялылық режимі және ведомствоаралық қарым-қатынас ерекше маңызды. Бұрын кей мәселеде блогермен тікелей байланыс орнатып, барынша толық ақпарат беруге ұмтылсақ, қазір жариялауға болатын деректің шекарасын алдын ала бағалау қажет. Алайда бұл сақтық үнсіздікке айналмауы тиіс.
— Сіз сондай-ақ «Алматы» телеарнасының Ақпараттық бағдарламалар департаментінің директоры – бас редакторы қызметін атқардыңыз. Медиа саласындағы басқару тәжірибесі бүгінде журналистердің сұранысы мен аудиторияның ақпараттық қажеттілігін тереңірек түсінуге қалай көмектеседі?
— Тележурналист жақсы материал жасау үшін кейіпкер, видео, нақты фактілерге негізделген дерек іздейді. Сондықтан қазір БАҚ саласында істейтін әріптестеріме тек құрғақ баспасөз хабарламасын жіберу жеткіліксіз екенін жақсы түсінемін. Тексерілген факт, қосымша ақпарат, сапалы фото және видеосын бірге жібереміз, қажет болса сарапшыны да тауып береміз. Жалпы медиаменеджмент маған контентті әкімдік немесе министрліктің ішкі логикасымен емес, журналистің және көрерменнің ақпаратты қабылдау логикасымен дайындауды үйретті.
— Сіздің ойыңызша, қорғаныс саласындағы коммуникацияның басты ерекшелігі неде?
— Қорғаныс саласындағы бір ақпарат қоғамдық сенімге ғана емес, әскери қауіпсіздікке, жеке құрамға және олардың отбасыларына әсер етуі мүмкін. Сонымен бірге бұл салада эмоциялық фон жоғары, қоғам әсіресе сарбаздардың қауіпсіздігіне қатысты ақпаратты аса сезімталдықпен қабылдайды. Сондықтан әр сөзіміз дәлелді, заңға сай және адамға құрметпен айтылуы керек. Қорғаныс коммуникациясы тек әскери техниканы немесе оқу-жаттығуды көрсету емес. Оның өзегі - әскердегі қызметтің мәнін, қауіпсіздік шараларын, нақты атқарылып жатқан шараларды қоғамға түсіндіру.
— Дағдарыстық жағдай туындағанда қолыңыздағы ақпарат әлі расталмаған кезде қоғаммен коммуникацияны қалай дұрыс құру керек?
— Мұндай кезде ең үлкен қателік - толық ақпарат жиналғанша үнсіз қалу. Ақпараттық вакуумды міндетті түрде болжам, қауесет немесе жалған ақпарат толтырады. Сондықтан тез арада мәселенің немесе оқиғаның назарға алынғанын, және дәл қазір қандай дерек расталғанын дереу жеткізуге тырысамыз. Расталмаған ақпарат айтуға болмайды, бірақ «тексеру жүріп жатыр» деген сөздің өзі нақты процеспен бекітілуі тиіс. Егер адам зардап шексе, коммуникацияның ортасында мекеменің беделінен бұрын адам мен оның жақындары тұруы керек.
— Telegram, TikTok, Instagram сияқты әлеуметтік желілердегі блогерлер ақпараттық кеңістікті айтарлықтай өзгертті. Осы өзгерістерге сай қазіргі мемлекеттік баспасөз қызметтерінің жұмысы қалай трансформациялануы тиіс?
— Ақпараттық кеңістік тәулік бойы жұмыс істейді, әр платформаның өз тілі мен тұтыну жылдамдығы бар. Бір деректі Telegram-да қысқа жаңалық, Instagram-да визуалды түсіндірме, TikTok-та нақты сұраққа қысқа видео түрінде ұсынуға болады. Бірақ формат өзгергенімен, фактінің стандарты өзгермеуі тиіс. Баспасөз қызметі тек жарияланым санын есептеумен шектелмеуі керек, қоғам қандай сұрақ қойып жатыр, қандай жалған ақпарат тарауда, адамдар нені түсінбей отыр - соны анықтау керек. Мысалы, қорғаныс саласы, әскер туралы фейк ақпарат жарияланса бірден түсіндіріп, мәселенің мән-жайын өз парақшамда жариялап отырамын. Сонымен қатар, блогерлерді журналистерге қарсы қою дұрыс емес дер едім. Өйткені аудиториясы бар кез-келген автор - ақпараттық экожүйенің бір бөлігі. Мемлекеттік орган бәрімен ашық жұмыс істеуі керек.