Медиамәтіннің қызмет ерекшеліктеріне талдау жасай отырып, медиамәтіннің типологиясы мен қазақ бұқаралық ақпарат құралдарында оның қолданысы жолдарын қарастырамыз. Негізінде, «медиамәтін» терминіне берілген анықтаманы түрлі қырдан қарастыратын болсақ, медиамәтіннің басқа мәтін түрлерінен ажырататын өзіндік белгілері мол екенін көреміз. «Медиамәтін» ұғымының ерекшелігі оның журналистік мәтін, жарнама мәтіні, пиар мәтіні сияқты терминдерге гипероним бола алуымен де көрінеді. Медиамәтіннің коммуникативтік рөлі туралы мәселенің өзектілігі ақпараттық дәуірдің қажеттілігіне байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі қоғамның өмірінде үлкен орын алып отыруымен анықталады [1].
«Медиамәтін» термині ХХ ғасырдың 90-шы жылдары ағылшын тілінде пайда болып, сонан кейін халықаралық академиялық ортада, ұлттық медиадискурстарда тез таралды. Медиамәтін ұғымының тез қабылдануы зерттеушілердің медиатілдік проблемаларын, бұқаралық коммуникация саласындағы тілдің жұмыс істеу ерекшеліктерін зерттеуге деген қызығушылығының артуына байланысты болды [2]. Медиаортаның қарқынды дамуына байланысты, атап айтсақ, интернет пен әлеуметтік желілер танымал бола бастағаны белгілі. Бұл жағдай тек қарым-қатынас пен мәліметпен бөлісу құралы ғана емес, қоғамдық пікірді бұрмалау құралына да айналғаны белгілі.
Медиа ағынның негізгі бірлігі – медиамәтін. «Медиамәтін» ұғымның құрамында газет мақаласы, радиохабар, теледидар жаңалықтары, интернет‐жарнама және бұқаралық ақпарат құралдары өнімдерінің басқа түрлері сияқты әртүрлі және көп деңгейлі ұғымдардың біріктірілгенін көруге болады. Бұл – медиамәтіннің универсалдық ерекшелігін көрсететін белгі. Медиамәтін авторының позициясын білдіретін ерекшеліктерді медиамәтіннің мазмұны мен құрылымында түрлі объективтік және субъективтік компоненттерді тіркестіруінен де көруге болады. Сол ерекшелік арқылы журналистің қоғамдық пікірге ықпал ету әдістері мен ақпарат жеткізу әдістерін анықтауға болады.
«Медиамәтін» кез келген медиа жанрындағы хабарлама, ақпарат бола тұра, арнайы терминге айналып, медиа тілі болып кеткен. Сонымен қатар медиамәтін медиалингвистика, медиастилистика, медиамәдениет, медиабілім т.б. ғылымының жаңа бағыттарының базалық категориясы мәртебесіне ие болып табылады.» [3]. Медиамәтін – бұқаралық ақпарат ортасында тілдік қарым-қатынасты жүзеге асыру мақсатында қолданылатын кез келген медианың түрі мен жанрындағы мәтін. Медиамәтіннің негізін жаңалықтар, ақпараттық-талдаушылық мәтіндер, жарнамалық және жарияланымдық мәтіндер құрайды [4]. Медиамәтін тек журналистік іс-әрекеттің жемісі ғана емес, сонымен бірге қазіргі заманауи масс-медиадағы барлық хабарлама түрлерін қамтығандықтан, ақпаратты-коммуникациялық технологияның да жемісі деп қарауға болады.
Медиамәтіннің заманауи коммуникативтік кеңістіктегі рөлі өте зор және бұл қарқын уақыт өткен сайын үдеп келеді деп айтсақ артық емес. Өйткені адамзат қоғамының уақыт өткен сайын ақпараттық қамтамасыз болуға деген мүдделілігінің деңгейі артып келеді. Бұл жерде медиамәтіндердің де қоғамдық сананы қалыптастырудағы, дамуындағы қызметі үлкейіп, жекелеген адамдардың ойлауы мен мінез-қылықтарына да ықпал етіп жатқаны белгілі.
Сонымен бірге, медиамәтіндер тілдің жүйесінің дамуына да өз ықпалын тигізіп келеді. Медиамәтіндегі ақпараттың өткірлігі мен өзектілігі маңызды болғанымен, адамдар медиамәтіннің әлеуметтік-психологиялық әсер ету күшіне көп иланатыны байқалып келеді.
Медиамәтіннің коммуникативтік рөлі оның түрлі семиотикалық (таңбалық) кодтарды біртұтас етіп біріктіретін ерекшелігі арқылы да танылады. Бұл жерде медиамәтіннің тілдік және сурет, кесте, сызбалар мен шрифтілік көркемдеу сияқты «келбеті» жөнінде айтып отырғанымыз белгілі. Сондықтан да медиамәтін қазіргі уақытта тек тілдік мәтін деуден гөрі, универсалдық белгілер, кодтар жинақталған, бір тақырып бойына жинақталған ақпаратты оқырманның санасына бірнеше тәсілмен жеткізуді көздейтін мәтін деуге жақын келеді. Осылайша, медиамәтін өзінің коммуникативтік мүмкіншіліктерін кеңейте түседі.
Әрине, медиамәтіннің ерекшелігі оның түрлі медиақұрылымдарға енгізілу мүмкіндігімен де таныла түсетіні белгілі. Бұл жерде медиамәтіннің көпқабатты ерекшелігі айқындала түседі. Яғни осының барлығы медиамәтіннің жазба тілдік, сөйлеу-дыбыстау, визуалдық, графика-сызбалық мүмкіндіктері медиамәтіннің құрастырылуындағы ерекше заңдылықтардың және олардың барлығы адамға ерекше әсер етіп, ақпаратты жаттап алуға дейін мүмкіндік бере алатын коммуникативтік әдістердің бір жерге шоғырлануының зерттелу қажеттілігін көрсетеді деп ойлаймыз.
Библиографиялық тізім: - Солганик Г.Я. К определению понятий «текст» и «медиатекст». Вестник Московского университета. Серия «Журналистика», 2005. No 10. 7-16 с.
- Есенова Қ.Ө. Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы: филол. ғыл. докт. дисс.: Алматы, 2007. 345 б.
- Сейдалиева Г. Мерзімді баспасөздегі стереотиптердің лингвопрагматикалық ерекшеліктері. Философия докторы PhD дәрежесін алу үшін жазылған диссертация. Алматы, 2017. 185 б.
Добросклонская Т. Г. Медиалингвистика: системный подход к изучению языка СМИ. Москва: Флинта:Наука, 2008. 1476-1478 с.