PR Drive
26 қараша 2024
Әлеуметтік желі – қазақ тілін үйренуге арналған жаңа құрал

Мадиомар Д.

студент

М.В.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалы Қазақстан, Астана қ. dikony05@mail.ru

Қазіргі уакытта қазақ тілін меңгергісі келетін адам саны көбейіп келеді. Өкінішке орай, әр қазақ тілін меңгергісі келетін адам арнайы курстарға баруға уақыт таба алмайды немесе курстары жоқ алыс ауылдарда тұрады, себептер өте көп және адамның тіл үйренуге деген ынтасы, қабілеті болса да, ол үйрене алмай, бір қалыпта тұрады. Алайда, біз жиырма бірінші ғасырда тұратынымызды ұмытпауымыз қажет, жиырма бірінші ғасыр – дамыған технологиялар заманы. Қазіргі таңда, ғаламтор арқасында адамдар көп істерін үйден шықпай-ақ жасайды. Соның ішінде, тіл үйрену де бар.

Тілдік әлеуметтік желілер шетел тілін үйрену мотивациясына жағымды әсер етеді және оқушылардың осы тілге деген қызығушылығының артуына ықпал етеді. Бұл сайттар әр түрлі тілде сөйлейтіндердің оларды үйренуде бір-біріне көмектесуі үшін арнайы жасалған. Жасыратыны жоқ, бұл сайттарда ұсынылған материалдар көбінесе біздің оқулықтардағы материалдардан бірнеше есе қызықты. Аудио материалдар өзекті болып табылады және оларды ана тілді адамдар оқиды. Сонымен қатар, талқылауға арналған әр түрлі тақырыптар мен мәселелер диалогты сақтау және пікірталас жүргізу қабілетін арттыруға ықпал етеді. Осы факторлардың барлығы оқу үдерісін жеделдетеді, оқыту сапасын жақсартады және тілдік желілерді жастар арасында ғана емес, аға буын арасында танымал етеді.

Бүгін ғаламторда сіз көптеген түрлі ресурстармен таныса аласыз, өзіңізге ыңғайлысын таңдап, жеке бағдарлама бойынша және өз қарқыныңызбен жұмыс жасай отырып, тіл үйрене аласыз. Уақыт өте келе бұл сайттардың да сұранысы азайып, адамдардың қызығушылығы басқаға аударылады. Мысалы, қазіргі таңда кез келген тіл үйренушілер күнделікті қолданатын әлеуметтік желілерде тіл үйренуді жөн көреді. Бұл, біріншіден, оңай, қосымшаларды ауыстырып отырмай, бір қосымшаның ішінде тіл де үйреніп, адамдармен қарым-қатынасты да жасап отырады, екіншіден, қызық, себебі әлеуметтік желілер қолданушының қызықтарына қарай оған контент ұсынады, сонда қолданушы арнайы іздемесе де, әлеуметтік желі оған өзі қазақ тілі туралы видео, сурет, жарнамаларды шығарып, оның назарын аулайды.

Осы тезисімде мен әлемдегі ең танымал әлеуметтік желіні мысал ретінде келтіргім келіп отыр. Қазіргі таңда, «YouTube» желісінде көптеген қазақ тілін оқытуға бағытталған каналдар бар. Әрқайсысы ерекше қызық, бір көргеннен адам назарын жаулайтын контент шығаруға тырысады және ең бастысы тек грамматиканы ғана алып қоймай, түрлі тақырыптарды талдап, адамдарды қазақ әдебиетімен таныcтырады және ең бастысы - «күнделікті» қазақ тіліне де назар аударады.

Видеолардың астына жазған пікір санына қарайтын болсақ шынымен де бұл формат қазіргі таңда сұранысқа ие және басқа форматтармен салыстырсақ көрермен саны көбірек. Бірақ егер видеоформаттың ішінде бір минуттық видеолармен он минуттың видеоларды алатын болсақ, әрине, қысқа видеолар көбірек қаралым жинайды. Себебі басында айтып кеткендей, кейбір адамның уақыты жоқ. Бірақ «Microsoft» компаниясының зерттеуіне қарасақ, бұл да біздің заманымыздың бір ерекшелігі екен. Сонда адамдардың зейін қоюуы өте қысқарып келеді. Демек қысқа да нұсқа видеолар адамдарға тіл үйренуіне ықпал етеді.
Қорытындылай келе, әлеуметтік медиа пайдаланушылар сондай-ақ тілдік ресурстарды тілдік сауаттылық деңгейін арттыру үшін белсенді пайдаланады. Қазіргі уақытта қазақ тілін үйренуге арналған ең нәтижелі әдістердің бірі – әлеуметтік желілердегі видеолар. Жұмыс барысында бұл форматтың білдіртпей тіл меңгеруге ықпал ететініне де көзіміз жетті.


Библиографиялық тізім:
  1. Мушникова Ю. С. Социальные сети как интерактивная форма обучения иностранному языку в старшей школе. Молодой ученый. 2017. No 33. С. 62-63
  2. Гальскова Н. Д., Гез Н. И. Теория обучения иностранным языкам. Лингводидактика и методика. Москва: Академия, 2006. 336 с.
  3. Суйеубеков С.Ж. Ағылшын тілін оқыту барысында әлеуметтік желіні тиімді пайдалану. [Электрондық ресурс.] Алынған дереккөзі: https://bilimainasy.kz/21-09-11-09/
  4. Уайс А.А., Жексенбаева Ж.Ә. Тілдік әлеуметтік желілердің түрлілігі және шетел тілдерінің оқудағы олардың қолданылуы. [Электрондық ресурс.] Алынған дереккөзі: https://bilimger.kz/141256/
Студенттердің, магистранттардың және жас ғалымдардың "ЛОМОНОСОВ – 2024" XIX Халықаралық ғылыми конференциясының баяндамалар жинағынан, 2024 жылғы 19-20 сәуір